Главная страница
Навигация по странице:

3-тақырып. Абайдың әлеуметтанулық көзқарастары. 2саба. Абайды леуметтанулы кзарастары. 1 саат. оамды тарихи былыс ретінде тану



Название 2саба. Абайды леуметтанулы кзарастары. 1 саат. оамды тарихи былыс ретінде тану
Анкор 3-тақырып. Абайдың әлеуметтанулық көзқарастары.doc
Дата 03.05.2017
Размер 62 Kb.
Формат файла doc
Имя файла 3-тақырып. Абайдың әлеуметтанулық көзқарастары.doc
Тип Документы
#7043

2-сабақ. Абайдың әлеуметтанулық көзқарастары.1 сағат.

1. Қоғамды тарихи құбылыс ретінде тану.

2. Адам болмысы туралы.

3. Дін туралы ойлар

4. Адам тәрбиесіндегі еңбектің рөлі жөнінде.

1. Сабақтың мақсаты: Абайдың әлеуметтанулық көзқарастарын оқып-үйрену. Бұл міндетті шешу үшін Абай Құнанбаевтың қоғам, адам болмысы, дін және еңбектің адам тәрбиесіндегі рөлі туралы ой-тұжырымдарымен таныстыру.

Абайдың әлеуметтанулық ой пікірлерін әңгіме еткенде алдымен қоғам туралы ойларына арнайы тоқтау қажет. Өйткені бұрын-сонды қазақ ойшылдарының арасында Абайдан артық қоғам туралы іргелі ой тұжырымдар жасаған жоқ. Бұған Батыс ойшылдарының әсер еткені сөзсіз. Алайда, Абайда қоғамды қазақ даласының перзенті ретінде тану басым.

Абайдың топшылауында дүниеде, оның ішінде қоғамда қозғалмайтын, өзгермейтін еш нәрсе жоқ. Ол өзінің 1894 жылғы жазған «Жиырмасыншы сөзінде»: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?» деп жазды. Бұл арада адам табиғаттың туындысы деген ой да ашық айтылған. Сондай-ақ өлең сөздерінің бірінде: «Күн артынан күн туар, Бір күн дамыл еткізбес, Ой артынан ой туар, Желге мінсең жеткізбес»,   деп жоғарыдағы ойын жалғастыра түседі.

Абай «Отыз жетінші сөзінде»: «Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» және «Дүние - үлкен көл, замана - соққан жел, алдыңғы толқын - ағалар, артқы толқын - інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп табиғат пен қоғамды салыстыра отырып, екеуіне де өзгеріс ортақ екенін көрсетеді. Қоғамды тарихи құбылыс ретінде таниды.

Дүниені білуге, тануға болатындығын дұрыс топшылай отырып, Абай адам баласының жануарлар дүниесінен айырмасын көрсетеді. Ол «Жетінші сөзінде»: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деумен шектелмей, Құдай тағала адам жанын хайуанның жанынан ірі жаратқан деп адам жаратылысының бөлек екенін айтады. Абай адамның санасынан тыс - объективтік дүние барлығын, демек дүниенің көрінбей тұрған сырын адамның бес сезімі арқылы қабылдауға болатынын, алайда, ол үшін көкіректе сәуле, көңілде сенім болуы керек. Санасыз, сезімсіз құр көзбен көргендіктің хайуан малдан айырмашылығы жоқ дейді.

«Он тоғызыншы сөзінде» Абай қоршаған ортаны танып, білуді – адамның парасатты парызы санай отырып, оның адамның тәрбиеленуі мен қалыптасуындағы рөліне ерекше назар аударады. Ол: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп, әлеуметтанулық тілмен айтқанда, адамның әлеуметтену үдерісін аңғартады. Абай бұл ойын «Қырық үшінші сөзінде» ары қарай дамыта түсіп, адам сыртқы дүниені танығанда «Көзбенен көріп, кұлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады» деп келеді де, ол хабарлардың «ұнамдысы ұнамды қалпымен, ұнамсызы ұнамсыз қалыппен әрнешік өз суретімен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен (көз, құлақ, қол, тіл, мұрын – Ә.Б.) өткен соң, оларды жалғастырып, көңілде суреттемек» деп жазды.

2. Ұлттық рухани бұлақтан таным сусынын қандырған, Шығыс пен Батыстың озық мәдениетінен барынша нәр алған Абайды феодалдық патриархалдық қазақ қоғамының басты проблемасы   адам тағдыры қатты ойлаңдырған. Адам баласының өмірі, оның іс әрекеті, мінез құлқы, мұраты және тағы басқалар ақынның көптеген шығармаларының алтын арқауындай деуге болады. Сондықтан ұлы ақын өзінің азаматтық кредосын «Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ, Наданның көзін қойып көңілін ашпақ...» деп, адам баласын қор қылатын надандықпен аяусыз күресті, адамды жаңаша тәрбиелеуге ұмтылды. Сөйтіп алға нақты мақсат қояды, адамның жан азығы — білуге құмарлығы, бұл болмаса оның малдан айырмашылығы жоқ деп адамды білімге уағыздады. Білмекке құмарлықты қанағаттандыру — дүниенің көзге көрінген және көрінбеген қасиеттерін танып білу, іздену, сұрап білу, ғылымға ұмтылу, дүние сырын білу, бұлар көкірекке сәуле, көңілге сенім береді деп өмірдің мән мағынасын айқындады.

Абай адам болмысының өте күрделі екенін өз замандастарының қайсысынан болса да жақсы білген. Тек білім мен ғылымның арқасында ғана адам күнделікті қарым қатынаста байқалатын адамгершілік пен имандылық қасиеттерді тереңірек танып, оны өз бойларына жұғысты етуге мүмкіндік алады. Сондықтан адамның өз ақыл ойын, дарын қабілетін, таным түсінігін, рухани өресін үнемі, тоқтаусыз жетілдіре түсуі, оған бойындағы бар күш жігерін мақсатты түрде жұмсап отыруы қажет.

Қазақ қоғамының қайшылықты көріністерін жақсы білген ақын адам баласына "Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ" деп бес дұшпанды көрсетсе, "Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым — ойлап қой" деп оған «бес асыл істерді» қарсы қойды. Жаманнан жиренуді, жақсыдан үйренуді насихаттады.

Абай адамдардың ішкі жан дүниесін, оның қатпар қатпар астарын, қысқа ақыл, жай көзге таныта бермейтін жұмбақ сырларын шебер сөзбен өрнектеді. Мысал үшін «Сегіз аяқ» («Алыстан сермеп») атты өлеңін алайық:

Тасыса өсек,

Ысқыртса кесек,

Құмардан әбден шыққаны.

Күпілдек мақтан.

Табытын қаққан,

Андығаны, баққаны.

Ынсап, ұят, терең ой,

Ойлаған жан жоқ, жауып қой, - деп «жарым адамның» әлеуметтік келбетін барынша шеберлікпен бере алды.

Абайдың "Болыс болдым мінеки", "Болды да партия", "Бөтен елде бар болса", "Мәз болады болысың" деген өлендерінен қоғамның әлеуметтік ауыр жағдайлары субъективтік факторлардың зардаптарынан болып отырғанын байқаймыз. Ол ел тізгінін ұстаушылардың шен құмарлыққа ұмтылып, соның жолында малын да, арын да сатып, мәз болуын қатты сынайды:

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға,

Шелтірейіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға.

Немесе

Болыс болдым мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал,

Қалмады елге тығындап.

Сөйтсе-дағы елімді,

Ұстай алмадым мығымдап.

Күштілерім сөз айтса

Бас изеймін шыбындап.

Бұл сол кездегі сөзбен кестеленген болыстың бет бейнесі, жан дүниесі, іс-әрекеті, яғни бар болмысы. Бұдан артық айту қиын.

Абай биліктің де, тіршіліктің де көзі жаттың қолында болып, олардың қолпаштауынсыз малды малдап, жанды жандай алмайтын, тәуелді күйге түскен ел-жұртының халін "Қалың елім, қазағым, қайран жүртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың" - деп барынша қынжыла айтады.

Өз ұлтын бұрын сонды Абайша сүйе білген де, қиыншылығына күйіне білген де ешкім болмағанына дау жоқ. Ірінің қуанышы да, реніші де ұсақ болмайды. Сондай ақ ұлы адам ұлттық деңгейде де қала алмайды. Олай болса, ол ұлы бола алмас еді. Сондықтан Абайдың күллі адам баласын қор қылатын үш нәрседен сақтандыруын түсіну қиын емес. Ол «Отыз сегізінші сөзінде»: «Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық» деп нақты атап қоюмен шектелмейді. Бұлардың себеп-салдарларын ашып береді: «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді де, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады» дей отырып, білімсіздік пен залымдықтың адамды әлеуметтік топтан айырып, хайуандар, тіпті жыртқыштар әлеміне қосатынын айтады. Бұдан қатал да ащы айту мүмкін емес. Және ғұлама ойшылдың пікірінше, бұлардың бірден бірі емі білім, ғылым болмақ.

Абай халықты адамгершілік қасиет – бірлікті арттыруға жұмылдырды. Оның ойынша, елдің жақсы, жаман болуы оның ынтымақ берекесіне байланысты. Ол ел берекелі болса — жақсы жайлау, ол бір — көл дейді. Сондай ақ Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос»,- деп, ұлттық бірлікке, ішкі татуластыққа, ынтымақтастыққа үндеді. Бұл – бір. Екіншіден, Абай қазақ қоғамының қараңғылығынан шығар жолды ғылымнан іздеді. Оның "Ғылым таппай мақтанба" деуі әсте жайдан жай емес. Данышпан Абай өзінің «Он сегізінші сөзінде»: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дегенде де ғылымды бүкіл адам баласының басты қасиеттерінің бірі ретінде атаған болатын.

3. Алғашқы қазақ ағартушыларының ежелден халқына серік болып келе жатқан дінге соқпай кеткені жоқ. Халықты ағарту, рухани жаңаруға үгіттей отырып, оның рухани дүниесінің өзегін, салт-дәстүрлерінің негізін құрайтын дін туралы айтпай кету мүмкін де емес еді.

Абай араб әлеміндегі ислам дініндегі философиялық қағидаларды жақсы білген. Соның арқасында ол қазақтың имандылық және адамгершілік турасындағы түсінігін байытты. Ол өзінен бұрынғы қазақ ойшылдарынан ілгері кетті. Оның өлеңдерінде, қара сөздерінде "Алла" деген сөз жиі қолданылады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп аталатын өлеңінде:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Және хақ жолы осы деп әділетті, - деп Абай осы үш сүюді адамгершіліктің асылы - имандылық деп таниды. Осы дінің де, құдайға құлшылығың да дейді. Және екі дүниеде бұл шындық екенін және ол шындық – алланың досы екенін айтады. Ал енді осыларды бұзатын да үш нәрсе барын ашық айтып, олар – пайда, мақтан, әуесқой деп, олардан шошы, іргенді аулақ сал деп кеңес береді. Бұл – шайтанның ісі, алайда біз осылардан тыйылдық па деп сұрау салады. Иманды танымаған құлшылық қабыл болмайды деп ескертеді. Имандылықтың пендеге жол ашатынына сенеді. «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ», сондықтан құдайдың бірлігіне анық сенетін болсаң, сен де үйреніп, ұқсап бақ деп ақын өз ойын тұжырымдайды.

Абай "Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас"— деуі Алланы шындық ретінде мойындаушылық екені белгілі. Бірақ оның танымы бөлек. Замана, адамзат, мінез - бәрі өзгереді, бірақ Алла өзгермейді. Абай бұл шындықты ақылмен ұғып білу мүмкін емес деген қорытындыға келеді. Бұл ойын «Отыз сегізінші сөзінде» былайша дәлелдеген: "Біз Алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хаким (данышпан, дана адам- Ә.Б.) ақыл еріштіре алмады. Алла тағала — өлшеусіз, біздің ақылымыз - өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз Алла тағала "бір" дейміз, "бар" демеклік те — ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те «алла тағалаға лайықты келмейді». Бұл жерде қазақ даласына жеткен Платонның құдайды ақылмен тануға болмайды деген ой-жүйесінің ықпалы айқын сезіледі. Абайды зерттеушілердің айтқанындай, оның шығармаларында Алла негізінен үш мәнде қолданылған. 1. Онтологиялық мазмұнда, яғни Алла — дүниенің хақтығын, ақиқаттығын, барлығын бейнелейтін, оның адамның еркінен, санасынан тыс объективтік шындық екенін мойындау. 2. Космогониялық мағынада, яғни Алла әлемді жаратушы қүдірет. Махаббатпен жаратқан адамзатты да, жаннан тәтті Алланы да сүй, өйткені ол жаратушы. Ал жаратушыға тек махаббат арналуы кажет дей отырып, Абайдың "Жүректің ақыл куаты, махаббат қылса тәңірі үшін", — деуі сондықтан. 3. Гносеологиялық тұрғыда, яғни ислам дінінде Алланы тану оның расулы (елшісі) Мұхаммед пайғамбар арқылы жүзеге аспақ. Ол жүйе: Алла — Мұхаммед — Адам болмақ. Сол себепті Абайдың "Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?" дегені түсінікті.

Дін туралы пікірлерінде Абай да сол кездегі шала сауатты имам, молдаларға соқпай кете алмаған. Ол өзінің жоғарыдағы сөзінде: «Бұл заманның моллалары хаким атына дұшпан болады. Бұларды білімсіздік, бәлки бұзық фиғыл, әлинсан ғәдду ләма жәһилге (адамның көңілі жаманшылыққа ауып тұрады деген - Ә.Б.) хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғараб-парсыдан тіл үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады» деп жазды. Абай Аллаға құлшылық ету арқылы адамның еңсесін езе беруге, фанатизмге мүлдем қарсы болды.

Абай талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, иманға да қиянатшылар жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман дей отырып, дін туралы ойын былайша түйіндейді: «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз -Ә.Б.) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес». Қысқаша ғұлама ойшылдың дін хақындағы ой-пікірі осындай.

4. Еңбектің адамды тәрбиелейтінін, адамды-адам еткен еңбек екенін жақсы білген Абай көптеген шығармаларында адамды қажетті қасиет ретінде еңбекті сүюшілікке шақырды. Ол қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебін оның жұмысының жоқтығынан көрді. Егер ол егін салса, саудамен айналысса, мұндай жаманшылықпен айналысуға оның қолы тиер ме еді ойланады. Ол қоғамда болатын өзгерістерді тек адам еңбегімен байланыста қарады. «Төртінші сөзінде» «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп адал еңбекке үндеді. Жанын қарманып, адал еңбекпен мал табуды арлы адамның ісі санады. «Жиырма тоғызыншы сөзінде» малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек деді. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» және «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек кыл» деп еңбек еткен адамды айрықша бағалай келіп, ол еңбектің биік мәртебесін, оның адамгершілік қасиеттің көрінісі екенін атап көрсетеді.

Абай қоғам өміріндегі игілік пен дәулет біткеннің бәрін жасаған адам еңбегі, ал барлық жаманшылық, тіпті халықтың артта қалушылығы еңбексіздіктен деп санады. Оның пайымдауынша, ел еңбекпен көркейеді, елдің шырқын бұзатындар еңбек етпейтін арамтамақтар, еңбексіз жатып ішу адам баласын аздырады. «Тамағы жоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын", "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" дейді. Сонымен қазақ халқының ұлы ойшылы Абай білуді, тіпті ілгері басу, жоғары өрлеу, жетілу сықылды әлеуметтік қасиеттерді тек еңбек арқылы болатын іс деп таныды. "Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған ", - деп Абай еңбек туралы ойын түйіндеп, адал еңбегін сауған қолөнер иесін   қазақтың әулиесі деп жоғары бағалады.

Ғұлама-ойшыл ақын Абай Құнанбаев қазақ даласындағы барлық жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болды. Ол адамды "ақыл, білім, ар, мінез" арқылы жоғары дәрежеге көтеріп, асқақтататындай қоғамның прогрестік дамуын аңсады. Сондықтан ол барлық адамдарды өзіңді өмірде қалай ұстадың, игілікке, ақылға сыйымды іс істедім бе деп күніне немесе аптасына, тым болмаса, айына бір рет өз-өзіне есеп беруге шақырды.
Бақылау сұрақтары


1. Абайдың қоғамды тарихи құбылыс ретінде тануын түсіндір?


2. Абайдың: «Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ, Наданның көзін қойып көңілін ашпақ...» дегенінің мәні неде?

3. Абайдың «Он сегізінші» сөзіндегі: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деуінің себебін түсіндір?


4. Абайша күллі адам баласын қор қылады деген үш нәрсе не?


6. Абайша бес нәрседен қашық болу, бес нәрсеге асық болу не?

7. Абай діннің әлеуметтік қызметі туралы ойлары қандай?
написать администратору сайта