Главная страница
Навигация по странице:

тіл біліміне кіріспе. Тіл біліміне кіріспе



Скачать 37.37 Kb.
Название Тіл біліміне кіріспе
Анкор тіл біліміне кіріспе.docx
Дата 13.04.2017
Размер 37.37 Kb.
Формат файла docx
Имя файла тіл біліміне кіріспе.docx
Тип Документы
#960

1. Бірінші дәріс Тіл білімі және оның зерттеу нысаны (объектісі)

"Тіл біліміне кіріспе" - жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде өтілетін теориялық пән. Пәннің мақсаты мен міндеті - студенттерді тіл білімінің негізгі үғымдарымен, терминдерімен таныстыру, оның басты-басты теориялық кағидаларын баяндап беру.

1.1 Тіл білімі және оның салалары

Тіл білімі (лингвистика) - тіл және оның даму зандары туралы ғылым. Тіл - қоғамдағы адамдардың өзара пікір алысу, бір-бірімен қарым-қатынас жасау, сөйлесу құралы. Әрбір тілдің дыбыс жүйесі, сөздік құрамы және грамматикалық құрылысы болады.

Тілдің осы аталған әр түрлі жақтары тіл білімінің тиісті салаларында (деңгейлерінде) қарастырылады. Мысалы, тілдің дыбыс жүйесі тіл білімінің фонетика саласында, сөздік құрамы лексикология саласында сөз етіледі.

Тіл білімінің осы аталған салаларының әрқайсысы өз ішінде тағы да бірнеше тармақтарға бөлінеді. Мысалы, фонетика саласы 1) сипаттама фонетика, 2) салыстырмалы-тарихи фонетика, 3) эксперименттік фонетика және тағы басқа болып сараланады. Лексикология, грамматика да дәл осындай.

Тіл және оның жоғарыда аталған әр түрлі салалары (деңгейлері) ылғи дамуда болады. Ол даму қалай болса солай емес, тілдің ішкі даму зандары бойынша дамиды.

Тілдің әр түрлі жақтары: дыбыс жүйесі (фонетика), сөздік құрамы (лексикология), грамматикалық құрылысы (грамматика) бір- бірімен тығыз байланыста болады және бір-бірімен тығыз бірлікте сөз етіледі. Өйткені, тіл білімі тілдің, жоғарыда айттық, әр түрлі салалары мен оның тармақтарын, олардың дамуын, өзара байланысын, тіл дамуының ішкі зандылықтарын зерттейді.

Тілдің белгілі бір дәуірде өмір сүріп тұрған қалпын зерттейтін тіл білімі бар және оның шығуы мен тарихын, дамуын зерттейтін тіл білімі бар. Алдыңғысы - сипаттама тіл білімі (немесе синхрондық лингвистика), соңғысы — тарихи тіл білімі (немесе диахрондық лингвистика) деп аталады.

Белгілі бір тілді (оның жүйесі мен құрылымын) ғылыми тұрғыдан талдап түсіндіру үшін және оның даму зандарын айқындау үшін, ол тілді және ондағы фонетикалық, лексикалық, грамматикалық құбылыстарды туыстас тілдердегі бір тектес кұбылыстармен салыстыру тұрғысынан зерттеу кажет. Яғни тілдің табиғатын, оның даму зандарын айқындаудың басты шарты — тілдік құбылыстарды салыстыру және тарихи (өзгеру, даму) тұрғысынан зерттеу. Бұны салыстырмалы-тарихи әдіс деп атайды.

Белгілі бір тілдің жүйесі мен құрылысын және оның даму зандарын айқындайтын жеке тіл білімі (мысалы, қазақ тіл білімі немесе орыс тіл білімі) бар да, ғылым ретіндегі тіл білімінің теориясы болып саналатын жалпы тіл білімі бар. Жалпы тіл білімі — нақты бір тіл туралы емес, адам баласы тілінің дамуының жалпы заңдары туралы ғылым. Демек, тіл білімінің жалпы теориялық саласы болып саналатын жалпы тіл білімі, әдетте, бір ғана тілдің емес, көптеген тілдердің деректерін есепке алады. Оларды жинақтай келіп, жалпы теориялық топшылаулары мен қорытындылар жасайды.

Жалпы тіл білімінің теориялық топшылаулары мен қорытындылары жеке тілді зерттеу үшін кажет. Ал жалпы тіл білімі жеке тілдерді зерттеуге бағыт-бағдар сілтейді.

Сөйтіп, жалпы тіл білімі тілдің мәні мен қызметін, оның ойлаумен ара қатынасын, байланысын, адам баласы тілінің пайда болуын қарастырады; тілдің даму зандарын айқындайды; дүние жүзіндегі тілдерге классификация жасайды; ғылымдар жүйесінде тіл білімінің алатын орнын айқындайды.

Жалпы тіл білімі - тіл туралы ғылымның теориялық саласы. "Тіл біліміне кіріспе" деп аталатын курс - міне, осы жалпы тіл білімінің бастамасы. Ол жалпы тіл білімі қарастыратын мәселелерді оқып білу үшін алғашқы баспалдақ, соған жолдама іспетті.
1.2 Тіл білімінің ғылымдар жүйесінде алатын орны

Болмыстағы құбылыстардың бір тобы – жаратылыс кұбылыстары болса, екінші тобы - қоғамдық құбылыстар. Жаратылыс құбылыстарын жаратылыстану ғылымдары (физика, химия, биология, математика т.б.) зерттесе, қоғамдық құбылыстарды - қоғамдық ғылымдар (тарих, философия, психология, логика, саяси экономия, заң, тіл, әдебиет т.б. ғылымдар) зерттейді. Осыған орай, ғылым атаулы, әдетте, екі топка бөлінеді: оның бірі - жаратылыстану ғылымдары, екіншісі - қоғамдық ғылымдар.

Тіл білімі - ғылымдардың екінші тобына, яғни қоғамдық ғылымдар тобына жатады. Тіл білімінің басқа ғылымдар жүйесінде алатын орны ерекше. Себебі кез келген ғылым тіл арқылы түсіндіріледі, тіл арқылы игеріледі. Жалпы алғанда: барлық ғылымдар бір-бірімен тығыз байланыста, бірлікте болады. Өйткені материалдық дүниенің өзі органикалық бірліктен тұрады. Сондықтан, материалдық дүниенің әр түрлі жақтарын зерттейтін ғылымдардың өздері бір-біріне әсер етеді, бірін-бірі байытады.

Біз сөз еткелі отырған тіл білімі де көптеген ғылымдармен байланысқа түсіп, солармен қарым-қатынаста дамып келеді. Ол, ең алдымен, қоғамдық ғылымдармен тығыз байланыста. Себебі: тіл — қоғамның тууымен бірге туып, қоғамның дамуымен бірге дамитын қоғамдық құбылыс. Ол қоғам мүшелерінің пікір алысу, қатынас жасау құралы ретінде қызмет атқарады.

Қорыта келгенде, тіл білімі - дербес ғылым. Ол әр түрлі қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарымен де қарым-қатынаста, өзара байланыста болады.

1.3. Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы

Тіл білімі, бірінші кезекте, әдебиетпен байланысты. Өйткені "тіл - әдебиеттің бірінші элементі". Әдеби шығарма лингвистер үшін өте құнды материал. Әсіресе тіл білімінің стилистика саласы әдебиеттанумен тығыз байланысты.

Тіл білімі философиямен тығыз байланысты. Философия тек тіл білімінің ғана емес, күллі ғылымдардың методологиясы болып саналады. Философия да, тіл білімі де барлық құбылыстарды бір- бірімен өзара байланыста қарастырады. Философия табиғат пен қоғам өміріндегі барлық құбылыстар қозғалу, өзгеру, даму күйінде болады деп үйретсе, тіл білімі де тілдік кұбылыстарға солай қарайды. Өйткені тіл де басқа коғамдық құбылыстар сияқты өзгереді, дамиды. Бірақ, ескертетін нәрсе: тілдегі өзгеру тым баяу өтеді. Ал қоғам мен жаратылыстағы өзгерістер тілге қарағанда тезірек өтеді.

Философия өмірдегі барлық заттар мен құбылыстарда форма мен мазмұн бар, олар өзара байланыста, бірлікте болады, — деп үйретеді. Мазмұн өмір сүру үшін, белгілі бір формаға ие болуы керек. Яғни форма — өмір сүрудің шарты. Тіл де — дәл осындай құбылыс. Тілдегі формалардың да (сөздердің, сөз тіркестерінің, грамматикалық тұлғалардың) мағына, мазмұны бар. Олар да бір- бірімен тығыз байланысты.

Тіл білімі логикамен тығыз байланысты. Көпшілікке белгілі, логика - ойлау зандары мен ой формалары туралы ғылым. Ал ойлау, әдетте, тіл арқылы іске асады, тіл арқылы жарыққа шығады. Анығырақ айтқанда, адамның ойы тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы айтылып, түсінікті болады.

Тіл білімі психологиямен де байланысты. Психология түйсік пен қабылдауды, ес пен ойды, сезім мен зейінді зерттейді. Ал бұлардың сөйлеу процесіне (оны қабылдап, түсіну процесіне) тікелей қатысы бар. Өйткені біреудің айтқанын қабылдау, оны ұғыну процесі болмаса, қарым-қатынас жасасу, пікір алысу да болмаған болар еді.

Адам сөз арқылы белгілі бір затты атап кана қоймайды, сонымен бірге, сол затқа (іске, құбылысқа) өзінің қатынасы мен оған қалай қарайтындығын да білдіреді. Яғни тіл ойды білдірудің ғана құралы емес, сезімді де білдірудің құралы. Мысалы; жаман, жексұрын, сұмпайы, сұмырай немесе құмар, іңкәр, ынтазар т.б. Бұл сөздер (синонимдер) бір-бірінен эмоциялық бояуы жағынан ажыратылады.

Сөйлеу процесіне жоғары нерв жүйесі де қатысады, яғни сөйлеу жоғары нерв жүйесінің қызметімен байланысты. Жоғары нерв жүйесі жақсы жетілсе, сөйлеу де жақсы жолға қойылған ден есептеледі. Тілдің күрмелуі, кекештену, жақсы сөйлей алмау — мидың зақымдануынан болады. Психиаторлар, дефектологтар, логопедтер сөйлеуді жоғарғы нерв жүйесінің, мидың қызметімен байланыстыра қарастырады.

Лингвистиканың тіл дыбыстарын зерттейтін саласы — фонетика физиологиямен байланысты. Өйткені сөйлеу – дыбыстау мүшелерінсіз (ауыз, тіл, тіс ...) мүмкін емес. Тілдің шығуының өзі алғашкы адамдардың сөйлеу мүшелерінің жетіліп дамуына тәуелді.

Тіл білімі физиканың акустика саласымен де байланысты. Адам баласыньщ тілі — дыбыстық тіл. Тілдегі дыбыстар жүйесін тіл білімінің фонетика саласы зерттейді. Ал жалпы дыбыс атаулыны физиканың акустика саласы қарастырады. Ендеше, бұл екеуі де бір- бірімен байланысты.

Тіл білімінің тарих ғылымымен, оның ішінде этнографиямен, археологиямен байланысы бар. Тіл тарихы - сол тілді жасаушы, сол тілді қолданушы халықтың тарихымен байланысты. Олар бірін-бірі байытады, бірін-бірі толықтырады. Тілдік деректерді — тарих, тарихи мәліметтерді - тіл пайдалана алады. Айталық, тіліміздегі кірме сөздерді зерттеу аркылы қазақ халқының бүған дейін кандай халықтармен аралас-құралас болғандығын білуге болады.

Этнографтар халықтың ерте кездегі салтына, дәстүріне, әдет- ғұрпына, тұрмысына байланысты материалдық байлықтарды зерттегенде тіл фактілеріне соқпай өте алмайды. Өйткені тіл - соларды ұзақ уақыт бойы сақтап қалған кұралдардың бірі.

Тіл білімі антропологиямен де жақындасады. Антропология - адамның биологиялық табиғаты, морфологиялық типтері туралы ғылым. Адам баласы тілінің пайда болу дәуірін айқындауда әсіресе палеантропологияның деректері айрықша маңызды.

Тілге кейде географиялық факторлар да әсер ете алады. Мысалы, аралда тұрған халықтардың тіліне ешкім әсер ете алмауы мүмкін. Болмаса кең аймақта тұратын халықтың тілдері диалектілерге бөлініп кетуі мүмкін, ал тар аймақта тұратын халықтардың тілдеріндегі диалектілер бірігіп, жойылып кетуі ғажайып емес.

Тіл білімі мен географияның өзара байланысы ғылымның жаңа бір саласы - лингвистикалық географияның тууына әкеп соқты. Лингвистикалық география тілдегі фонетикалық, лексикалық грамматикалық құбылыстардың қай территорияға тарағанын көрсетеді. Бұл, әсіресе, диалектілік ерекшеліктерді зерттегенде ерекше маңызды. Сол арқылы, белгілі бір тілдің немесе диалектілердің лингвистикалық картасы (атласы) жасалынады.

Тіл - таңбалар жүйесі. Осыған орай тіл білімі жалпы таңба атаулыны қарастыратын — семиотика ғылымымен байланысқа түседі. Таңбаларға Морзе әліппесі, жазу мен цифрлар, жол белгілері, тағы баскалар жатады. Жазусыз (әріптерсіз) тіл жоқ екендігі белгілі.

Тіл білімі белгілі дәрежеде математикамен де, кибернетикамен де байланысты. Тіл білімі математика ғылымымен, біріншіден, машиналық аударма мәселелері бойынша байланысса, екіншіден, тілді зерттеуде математикалық статистика әдістерінің қолданылуы жағынан байланысады. Математикалық статистика сөздердің, дыбыстардың қолданылу жиілігін айқындауға көмектеседі. Осының нәтижесінде тіл білімінің математикалық лингвистика деп аталатын саласы калыптасты.

Сонымен, тіл білімі көптеген ғылымдармен байланысты екен.

1.4. Тіл білімінің теориялық және практикалық мәні

Әдетте біз "тіл білімінің теориялық жағынан да, практикалық жағынан да мәні күшті", - деп жатамыз. Теориялық мәні дегеніміз не?

Тіл алдымен ғылыми тұрғыдан зерттелінеді. Соның нәтижесінде тілдің табиғаты, оның даму заңдылықтары айқындалады, ондағы тілдік категориялар сараланады. Ол категориялар мен заңдардың бір-бірімен байланысы, өзара қарым- қатынасы анықталады. Сөйтіп, белгілі бір тіл туралы қорытындылар, топшылаулар жасалынады. Сол қорытындылар мен топшылаулар негізінде грамматикалық, ягни ғылыми немесе нормативті окулықтар жазылады, түрлі сөздіктер құрастырылады. Міне, тілдің теориялық мәні дегеніміз осы.

Ал тілдің практикалық мәні деп - әлгі заңдылықтарды білуді, ол үшін сол тілді оқуды, үйренуді айтамыз. Белгілі бір тілді оқып білу - ең алдымен, сөйлеу мәдениеті мен жазу мәдениетін арттырады, адамның ой өрісін кеңейтеді. Содан кейін тілді, оның зандары мен қағидаларын үйретеді.

Қысқасы, университетке, институтқа түсіп оку, білім алу, әдетте, тілді окып машықтанудан атап айтқанда, дүрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуді үйренуден басталады. Дүрыс сөйлеп, дұрыс жаза білу - әрбір мәдениетті, білімді адамның алдына қойылатын басты шарттардың бірі. Ал мұның өзі тілдің орфоэпиясы мен орфографиясын, грамматикасын жақсы білуді қажет етеді. Тілдің стильдік тармақтарын жете білудің де практикада маңызы зор.

2. Екінші дәріс Тілдердің шығуы мен дамуы және олардың өзара әсерлері

2. 1. Тілдің шығуы

Тілдің шығуы туралы сөз еткенде, ең алдымен, екі тұрлі мәселені бір-бірімен ажыратып алу керек. Бірі — жалпы адам баласы тілінің шығуы, екіншісі - жеке, нақтылы тілдердің (мысалы, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің) шығуы туралы мәселе. Бұл екі мәселені бір-бірімен шатастырмаған жөн.

Адамзат тілінің шығуы сонау көне заманға, яғни алғашқы адамдардың пайда болу заманына барып тірелсе, жеке тілдердің шығуы кейінгі дәуірлерде болған нәрсе.

Тілдің шығуы туралы мәселе әр түрлі ойшылдардың назарын баяғыда-ақ өзіне аударып келген. Олар бұл мәселе туралы түрлі-түрлі пікірлер мен жорамалдар айтып, сан қилы пайымдаулар жасады.

Сондай жорамалдардың бірі - дыбысқа еліктеу теориясы. Бұл теория ежелгі грек философиясынан басталады. Ол әсіресе 17-18 ғасырда кең өріс алды. Мұның өкілі - неміс философы Г.Лейбниц (1646-1716). Аталған теория тілдің шығуын былайша түсіндіреді:

Алғашқы адамдар жануарлардың дауыстарын, құстың сайрауын, судын сылдырын, желдің гуілін естіп соларға еліктеуден әр түрлі дыбыстарды шығарған. Сол дыбыстардан алғашқы сөздер жасалып, олар заттардың атауына айналды, - дейді.

Түрлі тілдерде қарк-қарк, мияу-мияу, шиқ-шиқ, гу-гу, тарс-тарс тәрізді еліктеуіш сөздер бар екені рас. Бірақ бұған қарап тіл тек кана дыбысқа еліктеуден шықты деуге болмайды. Өйткені табиғатта дыбыс шығармайтын заттар да көп екені, олардың да атаулары бар екендігі даусыз.

Бұл теория тілдің пайда болуының әлеуметтік себебін ескермеді. Дыбысқа еліктеу теориясын жақтаушылар тілді "табиғат сыйы" деп қарайды. Ал шындығында тіл қоғамның жемісі. Ол қатынас жасау қажеттілігінен туған.

Тілдің шығуы туралы екінші теория — эмоциональдық теория. Бүл теория 18-19 ғасырларда кең тараған. Оның жақтаушысы - Ж.Ж.Руссо (1712-1778). Ол "бір нәрсеге кұштарлық алғашқы сөздерді шығарды", - деп жазды. Бұл да қате теория болатын.

Ж.Ж.Руссоның "эмоциональдық теориясы" одағай теориясына (19-20 ғасырларда) келіп ұласты. Одағай теориясы бойынша, алғашқы адамдар айналадағы заттармен танысқанда өздерінің алған әсерлерін еріксіз шығарылған дыбыстар арқылы, яғни одағайлар арқылы білдірген. Сол эмоцияны білдіретін әр түрлі "еріксіз шығарылған дыбыстар" әлгі заттардың атауларына айналып, осыдан келіп тіл пайда болған.

Одағай теориясын жақтаушылардың бірі - орыс лингвисі Д. Н. Кудрявский (1887-1920). Ол: "Одағайлар адамның ең алғашқы сөздері еді. Алғашқы сөздерде дыбыс пен магына бір-бірінен бөлінбеген, біртұтас болатын. Кейіннен олар бір-бірінен ажырасты", - дейді. Бұл теория да қате. Оның қателігі мынада: Тілдердегі одағайлар әр түрлі эмоцияны білдіреді. Бұл - рас. Бірақ тіл-тілде эмоцияны білдіретін сөздерге қарағанда, эмоцияны білдірмейтін сөздер әлдеқайда көп. Мұның өзі түсінікті де. Өйткені, тіл эмоцияны ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге, ең бастысы, катынас құралы, пікір алысудың кұралы ретінде қызмет атқарады. Тіл пайда болғанда қатынас құралы, пікір алысудың кұралы ретінде пайда болған. Бұл теорияның иелері тілдің қоғамдық табиғатына мән бермеген.

Тілдің шығуы туралы теориялардың тағы бірі — қоғамдық шарттасу теориясы. Бұл теория бойынша алғашқы адамдар сөздерді өзара келісе отырып шарттасып жасаған. Осыдан келіп тіл пайда болған дейді. Тіл туралы келісу, шарттасу үшін, ол адамдардың бұрыннан тілі болуы керек қой. Олай болса, бұл теория да ешбір дәлелсіз.

Тілдің шығуы туралы бесінші теория - еңбек айқайы теориясы деп аталады (Мәселен, ауыр нәрсені көтергенде "ауп" дейміз ғой). Ол 19 ғ. шықты. Оны жасаушы - Людвиг Нуаре деген философ. Аталған теория бойынша, тіл алғашқы адамдардың еңбек ету кезінде шығарған рефлексті айқайларының негізінде пайда болған. Бұл теория да қате. Өйткені, тіл — қатынас кұралы ретінде ғана жасалады.

Адамзат тілінің пайда болу теориясының ғылыми негізін К.Маркс пен Ф.Энгельс жасады. Олар: "Тіл де сана сияқты басқа адамдармен қатынас жасау мұқтаждығынан және қажеттілігінен туды",- дейді ("Неміс идеологиясы", Шығ., 3 т., 29 б.). Яғни мұнда, біріншіден, тіл мен сананың (ойлаудың) бір-бірімен тығыз байланыстылығы және олардың бір мезетте шыққандығы, екіншіден, тілдің адамдардың бір-бірімен қатынас жасау қажеттілігінен келіп пайда болғандығы айтылған.

Тілдің шығуы туралы мәселе Ф.Энгельстің "Маймылдың адамға айналу процесіндегі еңбектің ролі", "Семьяның, жеке меншіктің шығуы" деген еңбектерінде ғылыми тұрғыдан жан-жақты қолданьш, бұл мәселе жайында материалистік теория әрі қарай дамытыла түсті. Ол еңбектерде тілдің шығуы жалпы адам баласының пайда болу мәселесімен тығыз байланыста қарастырылады.

Әуелі еңбек, онан соң тіл, екеуі екі жақтан адам баласы миының дамуына күшті әсер етті. Ал мидың дамуы ойлаудың дамуына әсер етті. Ойлаудың (сананың) дамуы өз тарапынан еңбек пен тілге, олардың дамуына әсерін тигізеді. Еңбек процесінде адам баласы қоғамының тууы — бұл үшеуінің (еңбек, тіл, сана) әрі қарай дами беруіне мүмкіндіктер мен жағдайлар жасады.

Қорыта келгенде, ұжымда бірлесе еңбек ету әрекеті өзара қатынас жасау қажеттілігін тудырды. Осыдан біртіндеп алғашқы сөздер туады, тіл мен ой пайда болады. Тіл мен ойлаудың шығуын алғашқы адамдар ұжымынан бөліп қарауға болмайды. Тіл еңбекпен бірге ұжымда туды. Тілдің пайда болуы ойлаудың пайда болуымен, тілдің дамуы ойлаудың дамуымен тығыз байланыста болады.
написать администратору сайта