|
Глоссарий Акция
|
Название |
Глоссарий Акция
|
Анкор |
UMKD_Khaly_1179_araly_1179_ekonomika_1.doc |
Дата |
12.04.2017 |
Размер |
0.5 Mb. |
Формат файла |
|
Имя файла |
UMKD_Khaly_1179_araly_1179_ekonomika_1.doc |
Тип |
Документы
#681
|
страница |
1 из 9 |
|
Глоссарий
Акция – жыл сайынғы акционерлер жиналысында дауыс беруге, директорды сайлауға және компания пайдасынан өз үлесін дивидент түрінде алуға акция иесіне құқ беретін және компания капиталындағы үлесіне құқығын мақұлдайтын бағалы қағаз.
Алтын стандарты - ұлттық валюта бірлігіндегі алтынның белгіленуі арқылы Орталық Банктің ұлттық валютаны алтынға айырбастап сату және сатып алу міндеттемесі.
Арбитраж – бір нарықта валютаны және басқа активті сатып алып, оны басқа нарыққа пайда табу мақсатында жылдам сатуды ұсынатын операция.
Әлемдік рынок – халықаралық еңбек бөлінісі арқылы байланысқан әртүрлі елдер арасындағы тұрақты тауарлы-ақшалай қатынастар.
Валюта айналымы – резиденттер мен бейрезиденттер ешқандай шектеусіз ұлттық валютаны шет елдік валютаға алмастыруы және шет елдік валютаны нақты қаржы активі ретінде қолдануы.
Валюта курсы (бағамы) – ұлттық валюта бірлігінің шет елдік валюта бірлігіне қатынасы.
Валюта котировкасы – таңдалған рыноктық механизмдер негізінде валюта курсын анықтау.
Валютаның паралельді айналымы – мемлекеттің ұлттық валютасымен қатар шет елдердің бір немесе бірнеше валюталарының айналыста қолданылуы.
Демпинг – сол елдегі экспорттық бағаны нормалды баға деңгейінен төмендету есебінен сыртқы нарықта тауар қозғалысынан көрінетін сауда саясатының қаржылық бейтарифтік әдісі.
Екі жақты арнайы тауарлар мен технологиялар – бұл бейбіт, азаматтық мақсатта, сонымен қатар, қару-жарақ және әскери техника (жаппай қырып-жою қаруларын) өндіруде де қолдануға болатын құралдар, материалдар, шикізат, техникалық ақпараттар.
Еңбек миграциясы - еңбек көрсеткіштерін қосымша жүзеге асыратын және сол қоғамның экономикалық қажеттілігі болып табылатын еңбекке жарамды тұрғындардың қозғалысы.
Еуропалық валюталық жүйе - бұл халықаралық валюталық жүйе, ол экономикалық интеграция шеңберінде ұлттық валюталардың қызмет етуімен байланысқан экономикалық қатынастардың жиынтығы болып табылады.
Иммиграция – адамдардың жұмысқа немесе басқа да себептермен ұзақ уақытқа басқа елге келуі, яғни жұмысшыларды импорттау.
Инвестициялық позиция – елдің шет елдердегі активтері мен шет елдіктердің осы елдегі активтерінің арақатынасы.
Институционалды бірлік – тауарлар мен активтерге иелік ете алатын, өз бетінше экономикалық міндеттеме қабылдай алатын және басқа агенттермен келісімдер жүргізе алатын экономикалық агент.
Капиталдың халықаралық қозғалысы – меншік иесіне табыс әкелетін, елдер арасындағы капиталдың көші-қоны.
Кедендік баж салығы – бұл меншіктің кедендік территориясына тауар әкелу немесе алып шығу кезінде кедендік ұйымдар арқылы алынатын міндетті жарна.
Кедендік тариф – кедендік баж салықтарының сомалары жүйелі түрде көрсетілген құжат.
Кедендік декларация – ұлттық заң талаптарына сай толтырылған, шекара арқылы өтетін тауар жөнінде барлық қажетті ақпараттарды беретін құжат.
Қаржылық дериваттар – бағасы басқа қаржы активтерімен байланысты қаржылық тәуекелдегі сауда құралдары.
Меркантилизм – феодализмнің ыдырауы мен капитализмнің қалыптасуы кезеңіндегі (ХҮ-ХҮІІІ ғғ.) сауда буржуазиясының мақсат-мүдделерін кескіндейтін экономикалық ілім мен экономикалық саясат.
Мемлекеттік сатып алу саясаты – мемлекеттік орган мен кәсіпорындар тауарды ұлттық фирмалардан ғана сатып алуды талап ететін сауда саясатының жасырын әдісі.
Нақты валюталық курс - өз елінде немесе ұлттық валюта айырбасталатын басқа елдегі баға өзгерісі деңгейін ескере отырып, есептелетін номиналды валюта курсы.
Номиналды валюталық курс - екі валюта арасындағы курс, яғни ұлттық валюта бірлігінің шет елдік валюта бірлігіне шаққандағы курсы.
Оптималды тариф ставкасы – ұлттық экономикалық әл-ауқаттың максимальды деңгейін қамтамасыз ететін тариф деңгейі.
Өндіріс факторларының халықаралық бөлінісі - түрлі елдерде тарихи қалыптасқан өндіріс факторларын басқа елдерге қарағанда тиімді өндіру әдісі.
Патент - өнертапқышқа осы табысын монопольды иелік ету құқығын куаландыратын және құзырлы үкіметтік орган арқылы берілетін куәлік.
Преференция – 1 елдің 2 елге экономикалық қарым- қатынасты жақсарту мақсатында, басқа 3 бір елге таратылмауы жайындағы келісім негізінде жасалатын ерекше жеңілдіктер.
Сауда сальдосы – экспорт пен импорт көлемі арасындағы айырмашылық.
Сауда шарттары – бір елдің немесе елдер тобының белгілі бір тауарларының экспорттық және импорттық бағаларының арақатынасы.
Сыртқы сауда саясаты – мемлекеттің басқа елдермен сауда қатынасын орнатуға мақсатты түрде бағытталған саясаты.
Спот-курс – курс жөніндегі келісімге қол жеткізілгеннен кейін 2 күннің ішінде валюталар айырбасталатын курс.
Субсидия – бұл импорттың жанама дискриминациясы мен ұлттық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге бағытталған ақша төлемі.
Сауда еркіндігі – сұраныс пен ұсыныстың еркін нарықтық күші негізінде дамитын сыртқы саудаға мемлекеттің аз араласу саясаты.
Тиімді тарифтік қорғау саясаты – бұл импорттық шикізаттарға импорттық бажды төмен ставкамен және соңғы тауарларға импорттық бажды жоғарғы ставкамен қолдану саясаты.
Тарифтік эскалация – тауарлардың өңделу жоғарылығына қарай тариф ставкаларын жоғарылату
Форвардтық курс – курс жөніндегі келісімге қол жеткізілгеннен 3 күннен кейін белгілі бір кезеңге дейін валюталардың айырбасталатын келісімді курсы.
Халық миграциясы дегеніміз – тұрғылықты жерін өзгерту немесе оған қайта оралу мақсатында адамдардың белгілі бір территория шекаралары арқылы қозғалуы, ауысуы.
Халықаралық валюта-қаржылық жүйе – тауарлар мен өндіріс факторларының халықаралық қозғалысын қамтамасыз ететін, халықаралық келісімдерде бекітілген валюта-қаржылық қатынастарды ұйымдастыру формасы.
Халықаралық еңбек кооперациясы дегеніміз – елдер арасында ең үлкен тиімділікпен өндірілген тауарлар айырбасы.
Халықаралық еңбек бөлінісі дегеніміз – жекелеген елдерде белгілі бір өнім түрін шығаруға негізделген елдер арасындағы қоғамдық-аймақтық еңбек бөлінісінің ең жоғарғы даму сатысы
Халықаралық корпорациялар дегеніміз - әлемнің әртүрлі елдеріне тікелей инвестиция салушы ірі корпорациялардың құрылымдық ұйымдасу формасы.
Халықаралық сауда - әлемнің барлық елдерінің сыртқы сауда жиынтығын көрсетуші халықаралық тауар-ақша қатынастары.
Халықаралық сауданы кеденді-тарифті реттеу - кедендік төлемдер жүйесіне енетін экспорт-импорттық тарифтерді қолдануға байланысты мемлекеттік реттеу.
Экспорт-импортты квоталау дегеніміз – белгілі бір тауар түріне арнайы бір мерзім ішінде елге әкелуге немесе елден шығаруға сандық шектеу енгізу.
Экономикалық интеграция дегеніміз – мемлекетаралық келісімдер формасындағы және мемлекетаралық ұйымдар келісімі арқылы реттелетін елдер арасындағы өзара байланысты экономикалық процесс.
Экспортты «ерікті» шектеу – экспорт тауарға белгіленген квота туралы ресми емес немесе ресми үкіметаралық келісім төңірегінде қабылданған экспорт көлемін сауда бойынша шектеуде серіктестердің бірінің міндетіне негізделген экспортқа сандық шектеу.
Экспорттық несиелеу – ұлттық фирмалармен экспортты дамытуда мемлекетпен қаржылық реттеуді қарастыратын сыртқы сауда саясатының қаржылық бейтарифтік әдісі.
Валюталық бағам дегеніміз – ұлттық валюта бірлігінің шетел валютасы бірлігіне шағылған бағасы немесе басқа елдің валютасы арқылы көрсетілген жеке бір ел валютасының «бағасы».
Валюталық котировка – бұл нарықтық механизмдер негізінде алынған валюталық бағам анықтамасы.
Тікелей котировка – ұлттық валюта бағамы бірлігінің белгілі шетел валюта бірлігінің саны арқылы бейнеленеді (мыс: егер 1 долл. = 126 теңге болса, онда доллар үшін – тікелей, ал теңге үшін – жанама котировка болып есептеледі).
Жанама котировка – шетел валюта бағамы бірлігінің белгілі бір ұлттық валюта бірлігінің саны арқылы бейнеленеді (мыс: егер 1 рубль = 0,0002 долл. болса, онда рубльге – тікелей, ал долларға – жанама болып есептелінеді).
Кросс-котировка - екі валюта бағамдарының бір-біріне әрқайсысының үшінші валютаға қатысты бейнелейді (мыс. АҚШ долларына қатысты).
Спот-бағам – бағам жайлы келісім жасалған кейінгі 2 күн ішінде айырбасталатын валюталар бағамы.
Форвардтық бағам - бағам жайлы келісім жасалған кейін 3 күннен астам уақыттан кейін айырбасталатын валюталар бағамы.
Депозитарлы қолхат – шетел компанияларында акциясы барын мақұлдайтын және ұлттық банк шығаратын бағалы қағаз. Кең таралған түрлері: американдық және ғаламдық депозитарлы қолхат.
Ресми капитал – мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржылар арқылы шет елдерден тек үкімет шешімімен ғана берілетін немесе алынатын капиталдар. Оларға мемлекеттік қарыздар, заемдар, көмектер, қайтарымсыз көмектер, сыйлар жатады.
Жеке капитал – жеке фирмалардың, банктерді , т.б. мемлекеттік емес ұйымдардың шет елдерден алатын немесе беретін қаржыны тасымалдауына негізделеді.
Тікелей инвестиция – ұзак мерзімді табыс табуға бағытталған және сол арқылы меншік құқығын немесе басқарудағы шешуші құқықтарды қамтамасыз етеді.
Портфельдік инвестициялар - шетел акцияларына, облигацияларына және т.б. құнды қағаздарға капиталдың жұмсалуы. Оны енгізудегі негізгі мақсат – жоғары дивидент алу.
Инвестициялық позиция – елдің шет елдердегі активтері мен шетелдіктердің осы елдегі активтерінің арақатынасы.
6.Пәннің дәріс кешені
Лекция 1: Халықаралық экономиканың қалыптасуы және оның құрылымы
Лекция мақсаты: халықаралық экономика теориясының пәні мен методологиясын нақтылау, халықаралық еңбек бөлінісі, өндіріс факторларының халықаралық бөлінісі түсініктерін талдау, халықаралық экономиканың нақты формаларын анықтау.
1. Өндіріс факторларының халықаралық бөлінісі
2.Әлемдік шаруашылық және өндіріс факторларының халықаралық қозғалысы
3. Халықаралық экономика және оның құрылымы
Тақырып бойынша негізгі түсініктер: өндіріс факторлары, саудаланатын және саудаланбайтын тауарлар, халықаралық еңбек бөлінісі, халықаралық еңбек кооперациясы, өндіріс факторларының халықаралық бөлінісі, әлемдік рынок.
Лекция мәтіні
1. Өндіріс факторларының халықаралық бөлінісі
-
Өндіріс факторлары дегеніміз – тауарды өндіру үшін қажетті ресурстар. Олар: еңбек және технология (адам ресурстары) жер және капитал (мүліктік ресурстар).
еңбек – пайдалы нәтижеге бағытталған адамның табиғи және ақыл-ой қызметі, еңбек бағасы – жалақы;
технология – іс жүзіндегі мақсаттарға қол жеткізу үшін қолданылатын ғылыми әдістер, бағасы – лицензиялық немесе патенттік төлем;
жер – адамның өндірістік қызметі үшін табиғат берген сый, бағасы – жер рентасы;
капитал – материалдық игіліктерді өндіру үшін жинақталған өндірістік, ақша және тауар формасындағы қор; бағасы – банктік пайыз.
Әр ел өндіріс факторларымен әртүрлі деңгейде қамтамасыз етілгендіктен, олардың бағалары да әртүрлі. Мысалы: Қытайда еңбек бағасы арзан болып есептеледі, себебі адам саны көп, сондықтан жұмыс күшімен қамтамасыз етілу деңгейі өте жоғары, Германияда еңбек бағасы қымбат. Немесе Қазақстанда жер бағасы арзан, ал Жапонияда – қымбат және т.б.
Халықаралық экономикада тауар өндіріс өнімі емес, сұраныс пен ұсыныс объектісі ретінде маңызды. Халықаралық экономика үшін барлық тауарлар саудаланатын және саудаланбайтын болып бөлінеді.
Саудаланбайтын тауарлар тек өндірілген елде ғана сатылатын тауарлар. Саудаланатын және саудаланбайтын тауарлардың айырмашылықтары:
саудаланатын тауарлар бағасы әлемдік рыноктағы сұраныс пен ұсыныс арқылы анықталады. Оларға басқа елдердегі осы тауардың түріне деген өзгерістер әсер етеді;
саудаланбайтын тауарлардың бағасы ұлттық рынокта сұраныс пен ұсыныс арақатынасы арқылы анықталады.
Саудаланатын тауарларға ішкі сұраныс пен ұсыныстың ауытқуы әсер етпейді. Ал саудаланбайтын тауарларға сұраныс пен ұсыныс әсер етеді, олардың бұзылуы күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге әкелуі мүмкін. Саудаланбайтын тауарлар негізінен қызмет түрлері: шаштараз, химиялық тазалау және т.б. қызмет түрлері. Олардың бағасына транспорттық шығындар әсер етеді.
Халықаралық еңбек бөлінісі дегеніміз – жекелеген елдерде белгілі бір өнім түрін шығаруға негізделген елдер арасындағы қоғамдық-аймақтық еңбек бөлінісінің ең жоғарғы даму сатысы. Мысалы, бір елде жеміс өндірсе, басқа елдерде мұнай өндіреді, бірақ бұл өнімдер мемлекеттер арасында айналыста болғанда ғана тиімді, себебі ресурстар жеткіліксіз, яғни олар айырбасталған, кооперацияланған жағдайда ғана тиімді.
Халықаралық еңбек кооперациясы дегеніміз – елдер арасында ең үлкен тиімділікпен өндірілген тауарлар айырбасы.
Өндіріс факторларының халықаралық бөлінісі - түрлі елдерде тарихи қалыптасқан өндіріс факторларын басқа елдерге қарағанда тиімді өндіру әдісі. Мұнда тек жер байлықтары ғана емес, географиялық, климаттың жағдайлары да маңызды рөл атқарады. Мысалы: Оңтүстік Африка Республикасында алмаз өндіру, Вьетнамда күріш өсіру ел экономикасының негізгі салалары болып табылады, себебі бұл елдердің жер қойнауындағы пайдалы қазбалар мен табиғи-климаттық жағдайлары өндірістің нақты осы түрлерін өндіру басқа елдерге қарағанда тиімді.
Әлемдік шаруашылық және өндіріс факторларының халықаралық қозғалысы
Халықаралық еңбек бөлінісі халықаралық сауданың, сәйкесінше, әлемдік рыноктың үнемі әрі тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылады.
Әлемдік рынок – халықаралық еңбек бөлінісі арқылы байланысқан әртүрлі елдер арасындағы тұрақты тауарлы-ақшалай қатынастар. Негізгі түрлері: тауарлар рыногы, қызметтер рыногы, капиталдар рыногы, жұмыс күші рыногы, валюта рыногы және басқа да рыноктар.
Әлемдік рыноктың өмір сүруінің негізгі белгісі тауарлар мен қызметтердің елдер арасындағы қозғалысы болып саналады.
Халықаралық сауда - әлемнің барлық елдерінің сыртқы сауда жиынтығын көрсетуші халықаралық тауар-ақша қатынастары. Халықаралық сауда 2 қарама-қарсы тауарлар ағымынан тұрады, яғни экспорт пен импорттан және сауда сальдосы мен сауда айналымы арқылы сипатталады.
- экспорт – шекарадан сыртқа шығуға негізделіп сатылатын тауарлар.
- импорт – шекарадан тыс жерлерден сатып әкелуді қарастыратын тауарлар.
- сауда сальдосы – экспорт пен импорт көлемі арасындағы айырмашылық (экспорт импорттан артық болса оң сальдо, кем болса теріс сальдо).
- сауда айналымы – экспорт пен импорт көлемінің қосындысы.
Әлемдік стандарт бойынша, сауданы, тауарды, экспорттық немесе импорттық деп тану үшін басты шарт – оның мемлекеттік кедендік шекарадан өтуі және кедендік есепте тіркелуі тиіс. Мұнда тауар меншігінің өзгеруі ескерілмейді. Халықаралық саудада сыртқы сауда көлемін есептеу үшін барлық елдердің экспорттарын қосады, себебі бір елдің экспорты екінші ел үшін импорт болып табылады. Сондықтан әлемдік сауда айналымы барлық елдердің экспорттарының қосындысы болып табылады.
3. Халықаралық экономика және оның құрылымы
Халықаралық экономиканың нақты формалары:
тауарлар мен қызметтердің халықаралық саудасы;
өндіріс факторларының халықаралық қозғалысы (капитал, жұмысшы күші, технология)
қаржы құралдарының халықаралық саудасы (валюта, бағалы қағаздар, дериваттар, несиелер)
халықаралық есеп айырысулар.
Экономикалық қызметтің маңызды секторлары арасындағы себепті-салдарлы байланыстарды халықаралық ұйымдар жасақтаған ұлттық есеп шоттар жүйесі арқылы көруге болады.
Ұлттық есеп шоттар жүйесі (ҰЕЖ) – барлық макроэкономикалық байланыстарды, сонымен бірге, ұлттық және халықаралық экономика бейнелейтін (халықаралық деңгейде мойындалған) экономикалық қызмет есебі ережелерінің жиынтығы.
ҰЕЖ – көптеген әлем елдері үшін макроэкономикалық есеп беруде, ағымдағы экономикалық жағдайды талдауда және экономиканың даму болжамдарын жасауда негізгі бағыт болып саналады.
ҰЕЖ есептеуге негіз ретінде институционалды бірлік алынады. Институционалды бірлік дегеніміз – тауарлар мен активтерге иелік ете алатын, өз бетінше экономикалық міндеттеме қабылдай алатын және басқа агенттермен келісімдер жүргізе алатын экономикалық агент. Институционалды бірліктің 2 түрі бар: жеке тұлғалар және заңды тұлғалар.
Осы институционалды бірліктер бір-бірімен байланыса отырып, ҰЕЖ бейнеленетін экономикалық операциялар жүргізеді.
1.Негізгі әдебиет
1.Киреев А.П. Международная экономика. В 2- ч. – М., 2000.
2.Миклашевская Н.А., Холопов А.В. Международная экономика: Учебник / Под. ред. д.э.н. , проф. А.В.Сидоровича; МГУ им. М.В.Ломоносова. – 2-е изд., доп. – М.: Издательство «Дело и Сервис», 2000. .
3.Кругман П.Р., Обстфельд М. Международная экономика. Теория и политика; Учебник для вузов/Пер. с англ. под. Ред. В.П.Колесова, М.В.Кулакова. –М.: Экономический факультет МГУ, ЮНИТИ, 1997.
2.Қосымша әдебиет
1.Международные экономические отношения: Учебник для вузов / В.Е.Рыбалкин, Ю.А.Щербанин, Л.В.Балдин и др.; Под ред. проф. В.Е.Рыбалкина. – 5 –е изд., перераб. И доп. –М.: ЮНИТИ – ДАНА, 2004.
2.Международные экономические отношения: Учебник / А.И.Евдокимов и др. – М.: ТК Велби, 2003.
Лекция 2: Халықаралық сауданың классикалық теориялары
Лекция мақсаты: халықаралық сауданың дамуын түсіндіретін классикалық және альтернативті теориялардың пайда болу ерекшеліктерін ұғындыру, мемлекеттің сыртқы сауда саясаты, еркін сауда және протекционизм түсініктерін талдау.
1. Халықаралық сауданың классикалық теориялары
2.А.Смиттің халықаралық еңбек бөлінісі жөніндегі идеясы
Халықаралық сауда теориясындағы салыстырмалы артықшылықтар қағидасы
|
|
|