Навигация по странице:
|
Оқу-әдістемелік кешен, макро, 2013-2014. 2. Пн бойынша глоссарий жне пнні ымды аппаратымен жмыс бойынша жалпы дістемелік нсаулар
3. Оқу пәнінің тақырыптары бойынша дәріс конспектісі және дәріс курсын оқу бойынша әдістемелік нұсқау.
1-тақырып. Кіріспе дәріс
Макроэкономикаға кіріспе. Макроэкономиканың пәні және әдісі
Мақсаты: макроэкономика курсының кіріспе бөлімімен таныса отырып, бұл пәннің зерттеу пәніне, объектісіне шолу жасау, талдау ерекшелігіне ерекше көңіл бөлу, сонымен қатар, пәннің негізгі зерттеу мәселелері туралы жалпы түсінік алу және осы пәнді не үшін оқу керектігін түсіну. Осы мақсатқа жету үшін мынадай талдау сұрақтары қарастырылады.
Дәріс жоспары:
Қазіргі макроэкономика ғылымының қалыптасуы мен дамуы.
Макроэкономиканың зерттеу пәні және негізгі макроэкономикалық мәселелер.
Макроэкономиканың зерттеу әдісі, мақсаттары және құралдары.
Негізгі түсініктер: микроэкономика; макроэкономика; агрегаттау; макроэкономика-лық үлгілеу; макроэкономикалық мақсаттар; макроэкономикалық құралдар; макроэкономи-калық саясат; экзогенді айнымалылар; эндогенді айнымалылар; позитивті талдау; нормативті талдау; Кейнстік экономикалық бағыт; т.б.
Тақырыптың мазмұны. Экономикалық теория ғылымының бастапқыда бір ғана құрамдас бөлігі болған – ол микроэкономика. ХХ-ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап кейнстік теорияның өмірге келуімен байланысты оның екінші құрамдас бөлігі пайда болды – ол макроэкономика. Осыған байланысты қазіргі уақытта, экономикалық теория микроэкономика және макроэкономика болып бөлінеді.
Микроэкономика – жекелеген экономикалық агенттердің мінез-құлықтары мен тәртіптерін зерттейтін ұтымды субъектілердің дербес шешім қабылдауларын қарастыратын экономикалық теорияның негізгі бір саласы. Микроэкономика түсінігі бір мағынада ғана қарастырылмайды, ол бір жағынан, жекелеген фирмалардың, үй шаруашылықтарының және салалардың өз қызметтерінің ынталарын іске асыру жөніндегі шешімдерін зерттейді, ал екінші жағынан, ресурстарды тиімді пайдалану және оларды орналастыру, тауарлар мен қызметтерге баға белгілеу сияқты сұрақтарды да қарастырады.
Макроэкономика – ұлттық өндіріс көлемінің жалпы деңгейі, жұмыссыз-дық пен инфляция сияқты іргелі мәселелерді зерттейтін ғылым; экономикалық жүйені біртұтастылық ретінде қарастыратын, әрі ел экономикасының даму факторлары мен нәтижелерін жалпылама түрде зерттейтін экономикалық теорияның маңызды бір саласы.
Алғашқы макроэкономикалық зерттеулер меркантилизм және физиократтар мектептерінен басталады. Ал қазіргі макроэкономика ғылымының негізін салушы ретінде атақты ағылшын экономисі Джон Мейнард Кейнс (1883-1946) саналады. Оның 1936 жылы шыққан «Жұмыспен қамтудың, ақшаның және пайыздың жалпы теориясы» деген еңбегі негізінде макроэкономика өз алдына жеке ғылым ретінде қалыптасты. Дж. Кейнс өзінің осы еңбегінде нарықтық экономикада үлкен жұмыссыздық пен іске асырылмаған өндірістік қуаттардың тұрақты жағдайы орын алуы мүмкін және осы кезде мемлекеттің дұрыс ұйымдастырылған және жоспарланған бюджет-салық және ақша-несие саясат-тары арқылы сол жұмыссыздықты қысқарта және экономикалық дағдарыс-тардың ұзақтылығын төмендете отырып ұлттық өндіріске ықпал жасауға болатындығы жөніндегі мәселелерді дәлелдеуге тырысты. Сәйкесінше, Кейнс біртұтас жүйе ретіндегі ұлттық экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігін де дәлелдеді. Кейнстік экономикалық теория макроэкономика және экономикалық саясат салаларында аса басымды бағыт болып саналады. Осыған сәйкес, біз мынаны ғана айта аламыз, яғни, макроэкономиканың ғылым ретінде дамуының бастапқы импульсі болып Дж.М. Кейнстің экономикалық идеялары табылады.
Соғыстан кейінгі жылдары және 60-шы жылдарға дейін макроэкономика-лық саясаттағы кез-келген талдау кейнстік қағидаларға сүйенді. Кейнстің қалыптастырып кеткен идеяларын, оның ізбасарлары – неокейнстік бағыттың негізін салушылар – Джон Хикс, Элвин Хансен, Пол Самуэльсон, Рой Харрод, Евсей Домар сияқты ғалымдар әріқарай дамыта түсті.
Бірақта, уақыт өте келе пайда болған жаңа теоретикалық бағыттар кейнстік экономикалық теорияның маңызын төмендете бастады. Кейнстік бағытқа қарсы аса салмақты түрде сын айтушы оппонент – монетаризм теориясы қалыптасты. Ал оның негізін салушы американ экономисі Милтон Фридмен (1912-2006) болды.
«Макроэкономика» терминін алғаш рет 1933 жылы норвегиялық экономист, Нобель сыйлығының иегері Рагнар Фриш (яғни, осы ұғымның алғашқы авторы) қолданды. Сонымен қатар, бұл ғалым алғаш экономикалық талдауды микро және макро талдауларға бөліп қарастырады. Ал макроэко-номикалық талдау ғылыми айналымға Кейнстің басты еңбегі дүниеге келгеннен кейін нақты енгізіліп қолданыла бастады. Бірақта, жоғарыда атап өткеніміздей, макроэкономикалық талдау сұрақтары бірқатар ғасырлар бұрыннан-ақ маңызды түрде қарастырыла бастаған. Француз экономисі-физиократ Франсуа Кенэ өзінің «Экономикалық кесте» (1758 ж.) деген еңбегінде алғаш рет экономика-лық ғылым саласында қоғамдық өнімнің натуралдық және құндық элементтері арасындағы баланстық пропорцияларды анықтау тұрғысынан қоғамдық ұдайы өндірісті талдауға талпыныс жасаған. Макроэкономикалық талдаудың маңызды жақтары ағылшын экономисі Давид Юмның төлем балансын зерттеу еңбек-терінде де кездеседі. Қоғамдық ұдайы өндірісті макроэкономикалық тұрғыдан талдауды Карл Маркс те өзінің үлгісінде қолданды, ол «Капитал» еңбегінің 2-ші томында (1885 ж.) жиынтық қоғамдық өнімнің натуралдық-заттық және құн-дық құрылымдар арасындағы сәйкестіліктер мен байланыстарды зерттеді.
Ал қазіргі уақытта, макроэкономика ғылымының дамуына елеулі үлесті посткейнстік мектептің өкілдері (Дж.В. Робинсон, Н. Калдор, П. Страфф), шведтік, чикаголық мектептің ғалымдары, жаңа классикалық макроэкономика-лық бағыттың өкілдері (Р. Лукас, Р. Барро, Т. Сарджент, П. Ромер) және де «жа-ңа кейнсшілдер» мектебі (Дж. Акерлоф, О. Бланчард, Н.Г. Менкью, Д. Ромер, Д. Уэйл) қосып келеді. Тіпті осындай көптеген алуан түрлі мектептердің бар болуына байланысты, олардың макроэкономикалық ой-пікірлері мен көзқарас-тарының бірдей еместігіне қарамастан, бүгінгі күнге дейін әлемдік макроэко-номикалық ғылымға ангосаксондық бағыт үстемдік жүргізіп келеді деген ой айтылады, соңғы онжылдықтарда осы ғылымның төңірегінде Алманияның, Францияның, Италияның, Нидерландының, Жапонияның, Қытайдың, Ресейдің және басқа да бірқатар елдердің ұстанымдары, көзқарастары мен беделдері кеңейіп, маңызды түрде дамып келеді.
Сонымен, макроэкономика экономикалық теория ғылымының негізгі бө-лімі ретінде адамдардың шексіз қажеттіліктері және шектеулі экономикалық ресурстар сияқты іргелі мәселелерді ұлттық экономика деңгейінде зерттейтін ғылым саласы. Макроэкономика экономиканы біртұтас жүйе ретінде қарастырады.
Макроэкономика – бұл тұрақты экономикалық өсу жағдайын, ресурс-тардың толық қамтылуын, инфляцияның төменгі деңгейін және төлем балан-сының тепе-теңдігін қамтамасыз ету тұрғысынан экономиканың қызмет етуін біртұтас жүйе ретінде зерттейтін экономикалық ғылымның аса маңызды бір саласы.
Макроэкономика – бұл экономикадағы агрегатталған (іріленген, бірікті-рілген, жүйеленген, жиынтықталған) өлшемдер мен көрсеткіштерді зерттейтін ғылым, яғни агрегатталған мінез-құлықтар мен тәртіптерді зерттейтін ғылым.
Макроэкономика – бұл әлемде болып жатқан ғаламдық экономикалық мәселелерді және олардың кез-келген ұлттық экономикамен өзара байланысын және оған әсер етуін зерттейтін ерекше ғылым.
Көптеген экономистер макроэкономиканың зерттеу пәнін негізгі төрт макроэкономикалық мәселемен байланыстырады. Олар сол өзіне берілген негізгі анықтамасынан шығады: жұмысбастылық, инфляция, экономикалық өсу және төлем балансы. Макроэкономиканың зерттеу пәні – негізгі макроэконо-микалық мәселелер төңірегіндегі ұлттық экономиканың жалпы біртұтас жүйе ретіндегі әрекет ету заңдылықтары. Алайда, макроэкономика осы төрт мәселемен ғана шектеліп қоймайды, оған тән басқа да мәселелер бар.
Макроэкономиканың зерттейтін негізгі проблемалары:
Тұрақты экономикалық өсу және оның қарқыны;
Экономикалық цикл, оның пайда болу себептері;
Жұмысбастылық деңгейі және жұмыссыздық мәселесі;
Бағалардың жалпы деңгейі және инфляция мәселесі;
Пайыз мөлшерлемесінің деңгейі және ақша айналымының мәселесі;
Мемлекеттік бюджет жағдайы;
Бюджет тапшылығын қаржыландыру мәселесі және мемлекеттік қарыз мәселесі;
Төлем балансының жағдайы және валюта бағамының мәселелері;
Ел ішіндегі ұлттық нарықтардың жағдайы және олардың сыртқы орта- мен байланысы;
Макроэкономикалық саясатты жүргізу мәселелері.
Макроэкономиканың зерттеу объектісі – бұл ұлттық экономиканың өсу қарқыны мен факторлары, ұлттық табыс көрсеткіштері және қоғамның байлығы.
Макроэкономикалық көзқарас тұрғысынан халық шаруашылығы төрт макроэкономикалық субъектіден құралады:
Үй шаруашылығы – жұмыс күші ұсынысын және игіліктерге деген сұранысты қалыптастырады, алынған табыстарының бір бөлігін тұтынады, ал қалған бөлігін жинақтайды, олар ең аз шығын жұмсай отырып өз пайдалылық-тарын максималдауға тырысады.
Фирма – өндіріс факторларына сұраныс білдіретін және игіліктердің ұсынысын жасайтын, әрі инвестициялау үрдісін жүзеге асыратын белгілі бір елдегі барлық кәсіпкерлік сектордың жиынтығынан құралады, фирмалар ереже бойынша, өз қызметін жүзеге асыру барысында үнемі пайданы максималдауға тырысады.
Мемлекет – ұлттық қауіпсіздік, ғылым, инфрақұрылым қызметтері сияқты ерекше қоғамдық игіліктерді ұсынушы сектор, ол әдетте, пайданы максималдауды мақсат етіп қоймайды, халық шаруашылығының тиімді әрекет етуі үшін оңтайлы жағдайлар жасайды. Сонымен қатар, мемлекет маңызды макроэкономикалық субъект ретінде игіліктерді өндіреді және сатып алады, са-лық салады, трансферттік төлемдер төлейді, ақша ұсынысын қалыптастырады.
Сыртқы орта – шет елдердегі экономикалық субъектілердің жиынтығынан және шетелдік мемлекеттік институттардан құралады, олар отандық экономикаға өз игіліктерін ұсынады және сол отандық экономиканың өндірген игіліктеріне сұраныс білдіреді, экспорт пен импортты қалыптастырады. Сыртқы әлем секторы ұлттық төлем балансы мен валюта бағамының жағдайын анықтау үшін зерттеледі.
Макроэкономикалық талдаудың ерекше әдісі – ол агрегаттау әдісі болып табылады. Агрегаттау дегеніміз – берілген экономикалық құбылыстар мен үрдістерді біртұтас жиынтық ретінде жалпылама түрде көрсету және біріктіру. Агрегатталған өлшемдер нарықтық жағдаятты және оның өзгерісін сипаттайды (пайыз мөлшерлемесінің деңгейі, жалпы ұлттық өнім, жалпы ішкі өнім, бағалардың жалпы деңгейі, инфляция деңгейі, жұмыссыздық деңгейі, т.б.).
Макроэкономикадағы екінші ерекше әдіске экономикалық үлгілеу жатады.
Үлгілеу дегеніміз – әртүрлі экономикалық құбылыстар мен үрдістерді, олардың арасындағы функционалдық өзара байланыстарды логикалық түсініктермен, графиктермен, алгебралық сипаттамалармен қарапайым түрде түсіндіру.
Макроэкономикада әртүрлі үлгілер қолданылады: ұлттық шеңберлі айналым үлгісі, AD-AS үлгісі, Кейнс кресі үлгісі, IS-LM үлгісі, Солоу үлгісі, Домар үлгісі, Харрод үлгісі, Самуэльсон-Хикс үлгісі, Манделл-Флеминг үлгісі және т.б. Осы үлгілердің барлығы жалпы инструментарий ретінде қолданылып, ұлттық ерекшеліктерге ие бола алмайды. Кез-келген үлгі нақты елдің экономикасына «қолайлы» және «қолайсыздық» белгісіне байланысты емес, оның көрсеткіштерінің экономикалық үрдістер динамикасын зерттеудегі пайдалылық белгісіне байланысты бағалануы тиіс.
Макроэкономиканың нақты мақсаттары (мақсаттар жүйесі) мыналар болып табылады:
Ұлттық өндірістің жоғары және өспелі деңгейін қамтамасыз ету, яғни нақты жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) деңгейін арттыру.
Жұмысбастылықтың жоғары деңгейін (ең аз мәжбүрлі жұмыссыздық
кезінде) қамтамасыз ету.
Бағалар деңгейінің тұрақтылығын (еркін нарықтардағы сұраныс пен
ұсыныстың өзара әрекеттесуі арқылы бағалар мен жалақының үйлесімділігін табу жолымен) қамтамасыз ету.
Төлем балансының нөлдік сальдосына қол жеткізу.
Мемлекет экономикаға әсер ету мақсатында сәйкесінше, бірнеше макроэкономикалық саясат құралдарын пайдалана алады.
Макроэкономикалық саясат құралдары – бұл бір немесе бірнеше макроэкономикалық мақсаттарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін және үнемі мемлекеттің бақылауында болатын экономикалық өзгермелілер.
Макроэкономикалық саясат құралдарының мынадай түрлері бар:
Бюджет-салық (фискалдық) саясаты – бұл мемлекеттің салық салу және мемлекеттік шығындар арқылы экономикаға әсер етуі.
Ақша-несие (монетарлық) саясаты – бұл мемлекеттің елдің ақша, несие және банк жүйелері жолымен экономикаға әсер етуі.
Табыстар саясаты – мемлекеттің инфляцияны ұстап тұру мақсатында жалақы мен бағаларды директивалық шаралармен тікелей бақылауға алу арқылы экономикаға әсер етуі.
Сыртқы экономикалық саясат – мемлекеттің ашық экономика жағ-дайында халықаралық сауда қатынастарына араласа отырып, ұлттық экономиканың өсуі мен тиімділігін арттыру, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында таза экспортты реттеуге араласуы.
Сауда саясаты – тарифтер, квоталар және басқа да сыртқы экономика-лық реттеу құралдары арқылы мемлекеттің экспорт пен импортты ынталанды-руға немесе шектеуге араласуы.
Қорытынды
1. Макроэкономикалық агрегатталған жиынтық өлшемдерді зерттейді: жиынтық сұраныс, жиынтық ұсыныс, жұмысбастылық, бағалардың жалпы деңгейі, инфляция, төлем балансы және т.б.
2. Макроэкономикада мемлекеттің рөліне және ішкіэкономикалық және сыртқы экономикалық салаларды мемлекеттік реттеудің әдістеріне аса маңызды түрде көңіл бөлінеді.
3. Макроэкономиканың әдістері болып позитивтік және нормативтік талдау табылады, сонымен қатар, агрегаттау, «әртүрлі тең жағдайларда» қағидасы, тепе-теңдіктік бағыт, қор және ағын айнымалыларының айырмашылықтары сияқты әдістер жатады.
4. Макроэкономикада зерттелетін нарықтың негізгі субъектілері болып үй шаруашылығы, фирма, мемлекет және сыртқы орта табылады.
5. Экономикадағы табыстар мен шығындардың шеңберлі айналымы нарықтың барлық субъектілерінің өзара байланыстарын көрсетеді.
6. Табыстар мен шығындардың шеңберлі айналымында қуат беру көрсеткіштері – бұл инвестициялар, мемлекеттік шығындар, экспорт. Жылыстау көрсеткіштері – бұл жинақтар, салықтар, импорт.
7. Макроэкономикадағы негізгі бәсекелес мектептер кейнстік және неоклассикалық бағыттармен сипатталады.
Дәріске арналған әдістемелік кеңестер:
1. Студент тақырыпты оқи отырып макроэкономиканың зерттеу пәнін, мақсаттарын, зерттейтін негізгі проблемаларын, макроэкономикалық талдаудың ерекше әдістерін, қор және ағын айнымалыларын, макроэкономикалық саясаттың негізгі құралдарын және макроэкономикалық шеңбер айналымы үлгісін білуі қажет.
2. Елдегі нақты экономикалық жағдайларға байланысты және оларды зерттеу кезінде негізгі макроэкономикалық проблемаларды анықтай білуі керек және макроэкономикалық талдаудың ерекше әдістерін қолдана білуі тиіс.
3. Макроэкономикалық талдаудың әдістерін қолданудың қабілеттіліктерін игеруі керек.
4. Тақырыпты оқу кезінде негізгі әдебиеттер тізімінде көрсетілген оқулықтарды меңгеру қажет.
|
|
|